Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалардың арасында Сығанақ қаласының алатын орны ерекше. Қала Сырдарияның ортаңғы ағысындағы ортағасырларда мәдениеті мен экономикасы, қолөнері мен саудасы, егіншілігі мен мал шаруашылығы қатар дамыған орталықтардың бірі болған. Қаланың жазық жерде орналасқандығынан, қаладағы бұрынғы құрылыстардың орындарын пішіні мен көлемі әртүрлі үйінді төмпешектерден анық байқауға болады. Сығанақ қаласы ортағасырларда тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі қалалардың бірі ретінде танылды. Ұлы Жібек жолы арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен келген саудагерлер мен саяхатшылар қалада болып, сауда-саттық жасап, қаланың өмірімен, тарихымен, мәдениетімен, ғылым және білім ордаларымен танысып, өз еңбектерінде баяндады. Өкінішке орай қаланың пайда болу, даму, гүлдену және күйреу кезендері жайлы мағлұматтар келтірілмеді.

Жазба деректерге көңіл бөлетін болсақ қала тұрған аймақта б.з.б. VІІ- II ғасырларда массагет тайпаларының өмір сүргендігі баршаға белгілі. Ал б.з.б. II — б.з. V ғасырларында бұл өңірде қаңлы тайпалары мемлекеттік дәрежеде ғұмыр кешті. Қытай деректерінде Қазақстан жерінде болған Чжан Цянның хабарлауынша қаңлы мемлекеті – Сусе, Фуму, Юйни, Цзи және Юйцзянь атты бес иеліктен тұрып, орталығы Битянь қаласы болғандығы көрсетілген. Біздің пайымдауымызша Сығанақ қаласы тұрған жер Сусе иелігінің жері болған. Себебі Юйни иелігі Сырдарияның ортаңғы ағысының жоғарғы бөлігін қамтыған болса, көршілес Сусе иелігі Сырдарияның ортаңғы ағысының төменгі бөлігін қамтыған. Сығанақ қаласының орнында зерттеу жұмыстарын жүргізген Оңтүстік Қазақстан Археологиялық Экспедициясының мүшелері Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевичтер аталмыш қаланың қаңлылардың басты орталықтарының бірі болғандығын тілге тиек етеді. Сонымен қатар қаланың V–VІІІ ғасырда өмір сүргендігін, одан кейін құлдырап, ХІІ–ХVІ ғасырларда қайта көтеріліп, Ақ Орданың кезінде қайта жанданғандығын жазады.

Сырдария өзенінің алқабында ІХ-Х ғасырларда оғыз тайпаларының мекендеген баршаға белгілі. Сығанақ қаласы сол кезде оғыз мемлекетінің ықпалында болған. Ішкі алауыздық салдарынан  оғыз мемлекеті Х-ХІ ғасырларда әлсірей  бастайды. Ішкі алауыздық салдарынан және сол кездегі Қыпшақтардың оңтүстікке жылжуының салдарынан оғыз тайпалары Сыр бойына ығысы көшуіне мәжбүр болады. Осы кезеңнен бастап Сығанақ қаласы қыпшақтардың иелігіне көшіп, басты қаласына айналады.

Х ғасырдың соңында өмір сүрген белгісіз парсы авторының «Худуд-әл Әләм» қолжазбасында Сығанақ қаласының аты «Сунах» түрінде кездеседі. Ғұлама ғалым М.Қашқаридың жазуы бойынша «Сығанақ» деген аты ХІ ғасырдан белгілі болған. Ал ХІ-ХІІ ғасырлардағы араб, парсы және түркі жазба деректерінде қаланың аты жаппай кездеседі. Бұл кезең қаланың дамыған кезін көрсетеді.

Қаланың гүлденіп, Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталықтарына айналған кезі ХІІІ ғасырға тура келеді. Бұл кездері Сығанақ қаласы Мұхаммед Хорезмшахтың қарамағында болатын. Осы кезде Шыңғыханның үлкен ұлы Жошы осы Сығанақ қаласын бағындыруға келген болатын. Қала халқы моңғол жасақтарына 7 күн қарсылық білдірді. Қала аумағының тым үлкен болғандығынан, қорғаныс күшінің жеткіліксіздігінен маңғол жасақтарының басымдылығына төтеп бере алмаған қала берілген. Жазба деректерге қарағанда  қаланың тұрғындары қарсылық көрсеткендері үшін жаппай қырғынға ұшыраған. ХІІІ ғасырдағы жазба деректерде Сығанақ қаласын Жошы әскерінің жаулап алғандығы жайлы мәліметтердің кездесуі бұл пікірімізді қуаттай түсуде. Сонымен қатар армян патшасы Гетумның 1254 жылы Маңғол империясының астанасы Қарақорымға жасаған сапарынан қайту барысында Сырдарияның орнаңғы ағысындағы қалаларда болғандығы баяндалған. Гетумның сапары баяндалған жазбаларда Сығанақтың аты көрсетілген.

Сығанақ қаласының қайта гүлдену кезеңі ХІV ғасырға тұс келеді және осы ғасырдың соңына таман қала өзінің бұрыңғы күш-қуатын қайта иемденіп, астаналық дәрежете өмір сүреді. Оған археологиялық қазба жұмыстары барысында анықталған ірі орталықтарға тән бой көтерген сәулеттік ғимараттар, мешіттер, медресе және басқа да қоғамдық ғимараттар дәлел болуда. Мұны жазба деректермен қатар археологиялық деректер қуаттай түсуде. Осы уақытта қаланың көршілес елдердің қалаларымен тарихи-мәдени байланыстары күшейе түседі. Қаланың аз уақыт ішінде қайта гүлденуіне Ұлы Жібек жолы айтарлықтай септігін тигізген. Себебі шығыстағы қалалардан, сонымен қатар Қытай және Қашқардан Сығанақ қаласына тауарлар алып келінді. Дешті-Қыпшақ аймағының көшпенділерімен сауда бітімдері жасалынып, айырбас сауда дамыды. Қала көшпенді халықтар мен көпестердің айырбас сауда жасайтын ірі орталығы болғандықтан, қалада әр елдерден келген көпестердің тұрақты мекеніне айналды және барлық елдердің тауарлары сатылды. Қаратудың теріскейіндегі көшпенділер қалаға айырбас сауда жасауға жақсы төрт түлік малын және малшаруашылық өнімдерін әкеліп отырса, қаладан әшекей бұйымдар, жібек маталар, күнделікті тұрмысқа қажетті құрал-саймандар, тіпті қару-жарақтар алып отырды. Осы себепті ортағасырлық автор Фазлаллах ибн Рузбихан Сығанақты «Дешті-Қыпшақтың сауда айлағы» деп атайды. Осы себептерге байланысты ХІV-ХV ғасырларда қаланың мәдениеті мен экономикасы, қолөнері мен саудасы, егіншілігі мен мал шаруашылығы қатар дамып, Сырдарияның орнаңғы ағысындағы ірі орталықтардың бірі ретінде әлемге танылды.

Мұхаммед Шайбани ханның хатшысы, әрі діни кеңесшісі болған Фазлаллах ибн Рузбиханның жазбаларында ХVІ ғасырдың басында Қазақ хандығының басты қалаларының бірі болған Сығанақ қаласының базарында күніне 500 түйе сойылып, кәуап жасалып, кешке дейін бір түйірі қалмай сатылып кететіндігі жайында мағлұматтар келтірілген. Бұл деректерден, қала халқының қаншалықты көп бөлғандығын, Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталықтарының бірі болғандығы аңғаруға болады. Сондай-ақ, Рузбиханның жазбаларында Сығанақ адамдардың өмір сүруіне қолайлы қала болғандығы баяндалған. Қала маңайы қалың тоғай болғандығы, аң құстарға толы болғандығы атап көрсетілген. Сол себепті қаланың орталық қорғанына айналдыра орналасқан қарапайым халық тұратын шахристаны мен рабадының өзі ат шаптырым жерді алып жатқандығын аңғаруға болады. Осы себептерге байланысты қала орнында болған К.Ақышев Сығанақ қаласын Отырардан кейінгі ірі қалалардың бірі болғандығын атап өткен.

Археологиялық деректерге сүйенсек қалада тіршілік көзінің XIX ғасырдың соңында тоқтағандығын, қала орны маңайдағы тұрғындардың зиратына айналып, мәдени қабаттарының бұзылу қауіпіне дейін жеткендігін көруге болады.