Сығанақ қалашығында 2021 жылы жүргізілген қазба жұмыстары барысында анықталған жануар сүйектеріне арнайы палеозоологиялық және археозоологиялық зерттеулер Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының археологиялық технологиялар зертханасында жүргізілді. Зерттеу жұмысы барысында жалпы саны 979 дана жануар сүйегіне талдау жасалды, 979 дана сүйек коллекциясының 967 данасы нақты жануарлар классификациясының әртүрлі рангіне (класс, отряд, тұқымдас, туыс және түр) сай ажыратылды. Нәтижесінде ежелгі фаунаға қатысты бірқатар құнды мәліметтерге қол жеткізіп отырмыз. Жалпы 12 сүтқоректі жануар, оның ішінде 7 үй жануары, құс және балық сүйектеріне талдау жасалды.